Ссылки доступа

Душанбеде танымал діни қызметкер Эшони Сироджиддин қамауға алынды - дереккөз


Тәжікстанда салафиттердің биресми лидері саналып келген танымал дін қызметкері Сирожиддин Эшони (Сирожиддин Абдурахманов) қамауға алынған. Бұл туралы Азаттықтың тәжік қызметі оның туыстарының біріне сілтеме жасап хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, дін қызметкерін Душанбедегі үйінен құқық қорғау органдарының өкілдері ұстап әкеткен. Оның компьютері және діни кітаптары тәркіленген.

Әзірге Сирожиддин Эшонидің не себептен ұсталғаны белгісіз. Қалалық милиция бұл ақпаратты растап, не терістемеді. Азаттықтың тәжік қызметі дін қызметкерімен бірге оның бірнеше шәкірті ұсталғанын жазды.

Сирожиддин Эшони 2009 жылы ұсталып, жеті жылға бас бостандығынан айырылған. Онда оған "ұлттық, нәсілдік және діни араздықты қоздырды" деген айып тағылған. Ол 2013 жылы рақымшылықпен босатылды.

Былтыр сәуірде Сирожиддин Эшони видеоүндеу жасап, биліктің мобилдік интернет бағасын қымбаттатқанын қуаттап, интернетті "ғасыр ауруы" деп атаған. Бірақ соңғы кезде ол YouTube каналы арқылы қолданушылардың сұрақтарына жауап беріп келген.

XS
SM
MD
LG