Ссылки доступа

Молдовада өткен президент сайлауында еуропашыл үміткер жеңіске жетті


Майя Санду
Майя Санду

Молдовада жексенбіде өткен президент сайлауының екінші айналымында Батыс стандартын қолдайтын үміткер, елдің экс-премьер-министрі, Дүниежүзілік банктің бұрынғы маманы Майя Санду жеңіске жетті.

Орталық сайлау комиссиясы дауыстардың бәрі саналып біткенін, оның нәтижесіне сәйкес, Сандуды сайлаушылардың 57,75 проценті қолдаған. Елдің қазіргі президенті, ресейшіл саясаткер Игорь Додон 42,25 процент дауыс алған.

Додон сайлауда жеңілгенін мойындамай отыр. Ол дауыс беру кезінде ережелер бұзылғанын, сотқа арызданатынын жеткізді.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) байқаушылары сайлаудың қалай өткені жайлы қорытындысын әлі жарияламады.

Майя Сандудың жақтастары оның жеңісін "Әрекет және тілектестік" партиясының кеңсесінде атап өтті. Санду бұл күнді елдің жеңісі деп атап өтті.

"Біз молдовалықтардың жеңісіне куә болдық. Мемлекеттік институттарға сенім кеткен тұста, үгіт-насихат жұмыстары әділ өтпегеніне қарамай, көп адам дауыс берді", - деді Санду.

Молдовада президент төрт жыл мерзімге сайланады.

XS
SM
MD
LG