Ссылки доступа

Өзбекстанда халық көмірге таласып жатыр. «Өзбеккөмір» басшылығы алыпсатарларды айыптады (видео)


Өзбекстанның газы жоқ кейбір өңірлеріндегі халық көмір таппай отыр. Кейбір облыстарда арзан көмір кезегінде тұрған адамдар жанжалдасып қалған. Милицияның кезекте тәртіп орнатуға шамасы жетер емес.

Әндіжан тұрғындарының хабарлауынша, қыс қарсаңында көмір сататын нүктелерде ангрен көмірінің бір келісі 303 сумнан сатыла бастады.

Әндіжан облысы Асақын ауданына қарасты «Ахатчи» ауылының тұрғыны Азиза Халикова 11 қарашада таңертең аудан қоймасына келіп, 51-ші болып кезекке тұрған, бірақ түске дейін ол көмір сатып ала алмаған.

«Ангреннен қоймаға 10 вагон көмір түскенін естідік. Қоймадан көмір тиелген көліктер шығып жатыр, бірақ олар көмірді қайда әкетіп жатқаны белгісіз. Таңертең көмір кезегіне тұрдық, кешке қарай 39 адам ғана көмір сатып ала алды. Сонымен көмір бітіп қалды, бізге ертең келіңдер деп айтты», - дейді Халикова.

Өзбекстанның газсыз елді мекендері секілді, «Ахатчи» ауылының тұрғындары үшін қыста көмір аса қажет. Бір отбасыға қыстан шығу үшін кем дегенде 1,5 тонна көмір керек.

Әндіжан облысының Қорғантепе ауданындағы көмір қоймасында да халық көп. Тұрғындардың бірінің айтуынша, арзан көмірді алыпсатарлар алып қояды.

«Көмірдің жақсысын алыпсатарлар алады, бізге оның шаңы ғана қалады. Онсыз да бұл көмір дұрыс жанбайды. Алыпсатарлар адамдарын қойма маңына қояды. Кезек келгенде, олар өзінің көмірін екі есе бағаға ұсынады. Олар халық көмірінен ақша жасап отыр», - деді көмір кезегіндегі тұрғын.

«Өзбеккөмір» мәліметі бойынша, елде жылына 4 миллион тонна көмір өндіріліп, халықтың сексен пайызы көмірмен қамтамасыз етіледі. Компанияның бір өкілінің айтуынша, аймақтарда көмір жетіспеушілігіне алыпсатарлар кінәлі болу мүмкін.

«Бізде көмір арзан. Алайда күзде алыпсатарлар көмірді тонналап сатып алып қояды. Бірақ біздекөмір жетеді», - деді өзін таныстырудан бас тартқан компания өкілі.

XS
SM
MD
LG