16 қарашадағы отырыста 22 айыпталушының жиырмасы тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдесе, қалған екеуі айыптарды жартылай мойындайтынын айтқан.
Сох аудандық әкімшілігінің бір өкілінің айтуынша, сот отырысына қамауда отырған тоғыз айыпталушы және үйқамақтағы 13 айыпталушы қатысқан. Олардың бәрі биыл 31 мамырда қырғыздың Чечме аулыны мен өзбектің Чашма ауылы тұрғындары арасындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп айыпталған.
Ресми мәлімдеме бойынша, тәртіпсіздікке мыңнан астам адам қатысқан. Куәгерлер төрт мыңдай адам болды дейді. Ауыл тұрғындары бір-біріне тас лақтырды, екі жақта да бірнеше үй өртенді.
Қамауда отырған 22 жастағы Фирдавс Ахрордың әкесі Муллохисен Ахрордың айтуынша, сотта үш айыпталушы тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген.
«Менің ұлым да кінәлі емеспін деді. 22 жігіттің жиырмасы кінәсін мойындамады. Жасы үлкен екеуі ғана жартылай кінәлі екенін айтты. Олар сол күні шекараға барғанын, бірақ ешкімге тас лақтырмағанын, ешкімді ұрмағанын мойындады», - деді Ахроров.
Алайда айыптау қорытындысында 22 айыпталушының төртеуі ғана кінәсін мойындамағаны, үшеуі жартылай мойындағаны, қалғандары толық мойындағаны айтылған.
Сот отырысы ашық өтті. Оған айыпталушылардың туыстары, журналистер және басқа да қоғам өкілдері қатысты. Соттың келесі отырысы 23 қарашада өтеді.