«Қаражат Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау, сумен қамтамасыз ету, санитария және дағдарыстың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу үшін бөлінді», - делінген ЕО мәлімдемесінде. Ол «ЕО – Орталық Азия» министрлер кездесуінің нәтижесінде қабылданған. Жыл сайын өтетін бұл жиынға Еуропа одағының сыртқы істер жөніндегі өкілі Жозеп Боррель төрағалық етті.
Биыл шілде айында Еуроодақ «COVID-19 Орталық Азия елдерінде: дағдарыс кезіндегі әрекет» (CACCR) көмек бағдарламасын жариялады. Жоба бюджеті – үш миллион евро.
Адам құқықтарын қорғаушылардың мәлімдеуінше, Орталық Азия елдерінің билігі коронавирус пандемиясын саяси бағытты сынаушыларды, азаматтық қоғам өкілдерін, тәуелсіз ақпарат құралдарын басуға пайдаланып отыр. Министрлер кездесуінде бірнеше халықаралық ұйым Еуроодақты Орталық Азия үкіметтерімен осынау «қауіпті үдерісті» талқылауға шақырған.