Ссылки доступа

Нұр-Сұлтанда мүгедек жандар мен дәрігерлер наразылық білдірді (видео)


Нұр-Сұлтан әкімдігі алдында күннің суығына қарамастан екі бірдей митинг өтті: дәрігерлер өтемақы, ал мүгедек баласы барлар баспана талап етті.

Осымен үшінші ай жедел жәрдем қызметкерлері әділдік іздеп келеді. Олар тамыз айына дейін жұмыс барысында коронавирус жұқтырғандар үстемақы алып келгенін, бірақ күзде тоқтап қалғанын айтады.

"Бізге науқастармен байланыста болмайсыңдар дейді. Қалайша? Біз науқастардан күнде ПЦР-анализ аламыз. Біздің фельдшер әріптестеріміз әлі күнге дейін коронавирус жұқтырып жатыр. Кейде қызуы көтерілген, коронавирусқа сынамасы оң нәтиже берген адамдар келіп жатады. Ал олар маскасыз жүр", - дейді астаналық жедел жәрдем станциясының фельдшері Оразгүл Мұхаматова.

Осындай жағдайда жұмыс істеп жатырмыз, басқа амал жоқ дейді дәрігерлер. Олар шенеуніктерге хат жазған, бірақ шағымдарына ешкім жауап бермеген.

Хат жазудан шаршаған 60 шақты фельдшер астана әкімімен кездесуге келген. Оларға Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жауап берді.

"Проблема бары рас. Төлемдер денсаулық сақтау министрінің жарлығына сәйкес жүргізілді. Төрт ай бойы үстемақы төлеп келдік. Бірақ бірқатар лауазымды қызметкерлер заңсыз ақша алып келген. Қазір олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды, сол үшін бәрін уақытша тоқтаттық", - дейді денсаулық сақтау басқармасының төраға орынбасары Салтанат Алдабергенова.

18 қарашада дәрігерлермен бірге әкімдік ғимараты алдына мүгедек бала бағып отырған ата-аналар да келді. "Әкімдік қызметкерлері маған ипотека бойынша пәтер ұсынады. Бірақ мен оны төлей алмаймын. Қосымша табысым жоқ. Мен тек мүегедек бала тәрбиелеп отырғаным үшін өтемақы аламын",- дейді Махаббат Мұхаметова.

Мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған отбасы өзін жетімдер секілді бөлек тізім енгізіп, тегін баспана берсе екен деген талап қояды. Бірақ бұл мүмкін емес дейді билік өкілі.

"Бұл проблема заң деңгейінде шешілуі тиіс. Біз тек ұсына аламыз. Ал заңға өзгерістер енгізетін мәжіліс депутаттары", – деді Нұр-Сұлтан әкімінің кеңесшісі Дәурен Бабамұратов.

Қазір астанада кезекте 47 мың адам тұр. Олардың 6 мыңы – мүмкіндігі шектетулі балалар тәрбиелеп отырғандар.

XS
SM
MD
LG