Ссылки доступа

Текебаев: Депутаттар Конституция жобасына өзгерістер енгізе алмайды


"Атамекен" партиясының лидері және қазіргі қырғыз Ата заңының авторы Өмірбек Текебаев Азаттыққа сұқбатында қазіргі Конституцияға сәйкес, парламенттің 80 депутаты тек өзгерістер енгізуді ұсына алады деп мәлімдеді.

"Бірақ қазір жаңа Конституцияның жобасын ұсынып жатыр. Заңға сәйкес, мұны 120 депутат та істей алмайды. Ол үшін Конституциялық палатаның шешімі керек. Ол жаққа ешкім өтініш бермеді. Онда кворум болмағандықтан, жұмыс істемейді. Сол үшін депутаттар 10 қаңтарға үлгермейміз деп қорқады. Енді алаяқтықпен парламент арқылы қабылдамақшы. Қоғамдық талқылаудан кейін өзгерістер енгіземіз дейді. Бірақ депутаттар регламентке сәйкес, жобаға өзгеріс енгізе алмайтынын жақсы біледі. Олар қазір халықты алдағысы келеді. Біз өзімізге мұндай жауапкершілік алуға құқығымыз жоқ", - деді Текебаев.

Президент аппараты жетекшісінің орынбасары Бектұр Зулпуев қазіргі Конституцияда жаңа Негізгі заңды қабылдаудың тәртібі жазылмағанын, бұл қырғызстандықтар жаңа Конституцияны қабылдай алмайды деген сөз емес дейді.

"Сіз тарих Текебаевтан басталмауы керек, жаңа Конституция қабылдауымыз керек дейсіз бе? Демек тарих Жапаровтан (Садыр Жапаров қазір президенттікке үміткер - ред) басталуы тиіс пе? Халықты алдаудың қажеті жоқ. Бакиев қазір қайда? Жапаровты да сол жаққа итеріп жатсыздар", - деді Текебаев.

Жаңа Конституцияның жобасы әзірленіп, оған референдум арқылы дауыс беру 2021 жылдың 10 қаңтарында белгіленген. Бұл жобаны 80 депутат ұсынған. Жоба қоғамдық талқылаудан кейін, бір айдан соң Жогорку Кеңешке енгізіледі.

Жобада президент құзыреті кеңейген және халық құрылтайы деген жаңа институт енгізілген. Онда президент мемлекет басшысы және атқарушы билікке жетекшілік етеді делінген.

Конституцияның жаңа жобасына қырғыз және орыс тілдерінде сәйкес келмеушілік бар. Қырғызша нұсқасында 57-бапта бір адам екі рет президент болып сайлана алмайды («Бир эле адам эки жолу Президент болуп шайлана албайт») деп жазылса, орысша нұсқасында бір адам екі мерзімнен артық президент болып сайлана алмайды («Одно и то же лицо не может быть избрано Президентом более двух сроков») деп жазылған.

XS
SM
MD
LG