Ссылки доступа

Өзбекстанда жұмыссыздықтың ресми көрсеткіші төмендеді. Қанша мұғалім жұмыссыз қалғаны айтылмады


Өзбекстанның еңбек министрлігі  14 қарашада елдегі жұмыссыздық жөніндегі есебін жариялады. Онда биыл қаңтар-қыркүйек айларында жұмыссыздық деңгейі 11,1 пайыз болғаны айтылған.

Жұмыссыздық деңгейі осы жылдың алғашқыжартысымен салыстырғанда 2,1 пайыз төмендеген. Министрліктің бұның алдындағы есебінде мұндай көрсеткіш 13,2 пайыз болған. Үкімет бұны коронавирус пандемиясымен түсіндірген. Жаңа есепте эпидемия туралы ештеңе айтылмады.

Министрлік есебі республикада мұғалімдер жұмыстан жаппай қысқартылып жатқан уақытта жарияланды.

Ташкент облысындағы кәсіби колледж директорының айтуынша, білім мекемесіндегі 50 мұғалімнің 15-і жұмыссыз қалған. Өзбекстанда 1214 кәсіби колледж болған. Білім министрлігі олардың көбісінің мәртебесін өзгертіп, мұғалімдерді қысқартқан. Еңбек министрлігінің жаңа есебінде елде қанша мұғалім жұмыссыз қалғаны айтылмады.

Өткен аптада шетелдегі еңбек мигранттарының 400 мыңы биыл елге оралғаны хабарланды. Жергілікті сарапшылардың пікірінше, билік еңбек мигранттарын жалақысы аз жұмысқа тарту арқылы жұмыссыздар көрсеткішін төмендеткен болуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG