Ссылки доступа

Қазақстанға тоғыз айдың ішінде 12 мыңға жуық этникалық қазақ оралған


Биыл оралман (қандас) мәртебесі 12 мыңға жуық этникалық қазаққа берілген. 1 қараша күнгі ресми ақпарат бойынша, жыл басынан бері Қазақстанға оралған 11,8 мың адам оралман мәртебесін алған.

1991 жылдан бері елге 1 млн 690 мың этникалық қазақ келген. Бұл ақпаратты 19 қарашада еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпарат бойынша, оралман мәртебесін алғандардың жартысынан астамы (55,5 пайызы) Қытайдан келген. Бұған қоса, Өзбекстан (28,8 пайыз), Түркіменстан (9,1 пайыз), Моңғолия (3,4 пайыз) және өзге елдерден келгендер (2,9 пайыз) де бар.

Келген этникалық қазақтардың жартысынан көбі немесе 52,3 пайызы Алматы облысына шоғырланған. Шамамен 13 пайызы - Маңғыстау облысына, 5,5 пайызы - Түркістан облысына, 5,7 пайызы - Алматы қаласына, 4,1 пайызы Нұр-Сұлтанға орналасқан.

10 айдың қорытындысы бойынша, Қазақстанға келгендердің 56 пайызға жуығы еңбек етуге қабілетті жаста. Шамамен 32 пайызы - бала немесе кәмелетке толмаған жасөспірім, 10,5 пайызы зейнеткерлерден құралған.

Елде оралман мәртебесі бір жылға дейін жарамды. 2020 жылы мамырда көшi-қон мәселелерi бойынша кейбiр заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзіліп, бұған дейін "оралман" аталып келген этникалық қазақтар "қандас" деп аталатын болған. Бірақ оралмандар бұл өзгерістер азаматтық алу процедурасын жеңілдетпеді дейді.

Ресми мәлімет бойынша, 2020 жылдың басынан бері қыркүйек айына дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 16220 адамға Қазақстан азаматтығы берілген.

XS
SM
MD
LG