Ақпаратқа қарағанда, кездесуде Қазакбаев Қырғызстандағы саяси оқиғалардың барысы жайында айтып, екі тарап қырғыз-тәжік қарым-қатынасының саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да маңызды бағыттарын талқылаған.
Тараптар шекара мәселелері бойынша үкіметаралық комиссияның кезекті 17-отырысын 2021 жылы Бішкекте өткізу жөнінде келіскен.
Сонымен бірге Қырғызстан және Тәжікстанның мемлекеттік шекараларын делимитациялау және демаркациялау бойынша үкіметтік комиссияның бұдан арғы жұмыстарын ілгерілету бойынша сөйлескен. Министрлер шекарадағы мәселелерді бейбіт жолмен шешу керек екенін атап өткен.
Кездесу соңында 2021-2022 жылдардағы қарым-қатынас жөнінде бағдарламаға қол қойылған.
Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасы – 970 шақырым. Мұның 519 шақырымы анықталған, қалғаны әлі талас тудырып келеді.
Талас тудырып отырған жерлер – Баткен облысының Лейлек және Баткен аудандарының Тәжікстанмен шектескен аймақтарында. Бұл аймақтарда жер, суға байланысты дау жиі орын алады.