Ссылки доступа

Садыр Жапаров Қырғызстан Конституциясының жаңа жобасына байланысты сындарға жауап берді


Президент сайлауына түсуіне байланысты Қырғызстанның премьер-министрі және президент міндетін атқару қызметін тоқтатқан Садыр Жапаров Конституцияның жаңа жобасына қатысты сындарға жауап берді.

Ол 1993 жылы қабылданған Конституцияда өзгерістер мен жаңа жоба референдум арқылы қабылданады деп жазылғанын атап өтті.

"Қырғызстан халқына жалпы мемлекеттік деңгейде маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік берілді. Бірақ 2010 жылы қабылданған Конституция бір адамның мүддесі үшін азаматтардың құқығын шектеді. Бұл Қырғызстанның әрі қарай дамып, тәуелсіз ел ретінде нығаюына кедергі келтірді. Бұған дәлел ретінде соңғы 10 жылдағы жағдай куә бола алады, елді жүргізушілер, оққағарлар секілді адамдар басқарды. Бұл халық толқуына әкелді", - деді Жапаров.

Ол халық толқуы жаңа Конституция қабылдауға уақыт келгенін көрсетті деп атап өтті. "Жаңа Конституцияны бүкіл халықтық референдум арқылы қабылдап, азаматтардың құқығын қалпына келтіру артқа шегініп, Ақаев пен Бакиев тұсындағы Конституцияны қабылдау секілді болмайды", - деді Жапаров.

Конституцияның жаңа жобасына дауыс беру үшін референдум келесі жылдың 10 қаңтарына белгіленді. Бұл жобаны 80 депутат ұсынған. Қазір қоғамдық талқылау үстінде. Сосын Жогорку Кеңешке ұсынылады.

Жобада президент құзыреті кеңейген және халық құрылтайы институты енгізілген.

Бірқатар сарапшылар мен белсенділер Негізгі заңның жаңа жобасына қарсы болып жатыр. Заңгерлер болса, депутаттар заң талабына сәйкес жаңа Конституция ұсына алмайды дейді.

XS
SM
MD
LG