Ссылки доступа

Оралдық кәсіпкерлер сауда орталықтары жұмысын шектеуді алып тастауын талап етті


Орал қаласындағы сауда нүктелерінің қожайындары 2 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы тауар мен қызмет қауіпсіздігі сапасын бақылау департаментіне келіп, облыстағы сауда нүктелері жұмысына салынған шектеуді алып тастауын талап етті.

Департаменттегі кездесуге отызға жуық кәсіпкер жиналды. Олар сауда нүктелерінің демалыс, мереке күндері де жұмыс істегенін қалайды.

«Көп уақыттан бері сауда жасап жүрген кәсіпкерлер кәсіпті тоқтатуға мәжбүр болды. Несие, жалға алу ақысын төлеуге, өмір сүретін ақша жоқ. Мен де сауда үйіндегі нүктені жабатын шығармын. Біз дұрыстап жұмыс істегіміз келеді. Басқа қалаларда ондай шектеу жоқ, ал біздің бас санитария дәрігері шектеу қояды», - деді кәсіпкер Аслан Өтепов.

Кәсіпкерлердің мәлімдеуінше, аймақ екі аптадан бері карантиннің «жасыл аймағына» өткен, бірақ сонда да билік шектеулерді алып тастамай отыр.

«Демалыс, мереке күндері сауда жүреді. Қазір сауда тоқтап тұр. Біздің мүддемізді ешкім ескермейді», - деді тағы бір кәсіпкер Мария Борисенко.

Жиналғандар облыстың бас санитария дәрігері Мұхамғали Арыспаевпен жолықтыруды талап етті, бірақ кездесуге қаланың бас санитария дәрігері Мәдениет Танауов пен оның орынбасары Нұрлыбек Мұстаев шықты.

«Біз бұл мәселелерді білеміз, бірақ облыстың бас санитария дәрігері енгізген карантин шектеулері барда, оны өзгерту мүмкін емес», - деді Мұстаев.

Коронавирус пандемиясы басталғалы бері Батыс Қазақстан облысында 8106 адам вирус жұқтырғаны анықталған. Облыста 131 адам коронавирустан қайтыс болған.

XS
SM
MD
LG