Жедел жәрдем қызметінің фельдшерлері мен санитарлары бір реттік төлемді қазан-желтоқсан айларында ғана алған. Енді дәрігерлер өтемақы аурудан кейін дұрыс күтіну үшін қажет деп отыр.
Алматы жедел жәрдем қызметінің медбикесі Рано Мурдинова әлі күнге дейін тыныс алуы қиын екенін айтты. Оған күтім керек. Қолында коронавируспен ауырғанын айғақтайтын құжаттары бар, бірақ Рано өтемақы ала алмайды. Өйткені медицинаның кіші қызметкерлері қауіп тобына кірмей қалған.
«Компьютерлік томография өкпемнің отыз пайызы зақымданғанын көрсетті. Пневмофиброз пайда болған. Маған ұзақ күтім керек. Оған ақша қажет», - деді Рано.
Диспетчерлер, санитарлар және медбикелер 21 желтоқсанда Алматыда баспасөз конференциясын өткізді. Олар Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығынан медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғауын сұрады.
«Бізді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, прокуратураның қызметкерлері қорқытып қойды. Енді бізден оппозиционер жасамақ», - деді жедел жәрдем фельдшері Эльвира Бадалбаева.
Алматы қаласының жедел жәрдем қызметінде шамамен төрт мың адам жұмыс істейді.
Қазан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің ақысын төлеуге 150 млрд теңге бөлінгенін айтқан. Дәрігерлер алуы тиіс ақшаны жалынып алмауы керек деген мемлекет басшысы. Алайда «жедел жәрдем» қызметкерлері әлі күнге дейін уәде етілген ақшаны төлеткізе алмай, басшылыққа жалынуға мәжбүр.