Ссылки доступа

Ресей елшісі: Өзбекстанда орыс тілі ұлтаралық тілге айналу үшін қоғам дайын болуы керек


Владимир Тюрденев
Владимир Тюрденев

Ресейдің Ташкенттегі елшісі Владимир Тюрденев орыс тілі Өзбекстанда ұлтаралық тіл мәртебесін алу үшін қоғам жетілу керек деп есептейді. Ол бұл жөнінде 22 желтоқсанда Ташкентте өткен баспасөз мәслихаты кезінде мәлімдеді.

“Бұл мәселе бойынша бірдеңе айту қиын. Мұндай тақырып қоғамды бөлмеуі керек. Ол үшін қоғам дайын болуы керек. Әсіресе қазіргі жағдайда", – деді ресейлік елші.

Ол сөзінде Өзбекстанда орыс тіліне деген қызығушылық артып келе жатқанын жеткізді. Биыл Ресей Өзбекстанға арнап, орыс тілін үйретуді дамыту үшін "Класс" бағдарламасын іске қосқан. Бұл жобаға миллиардер Алишер Усманов Ресейдің білім министрлігімен бірлесіп қаржылай көмек көрсетеді.

Орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі деңгейіне көтеру мәселесі билікке Шавкат Мирзияев келгелі сөз болып келеді. 2019 жылы Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Өзбекстанға сапары кезінде 20 шақты орыс ұлтынан шыққан зиялы қауым өкілі орыс тілінің мәртебесі туралы көз қозғаған.

Биыл Өзбекстанда өзбек тілін білмейтін мемлекеттік шенеуніктерге айыппұл төлеуді қарастыратын заң жобасы талқыланған. Бұған Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова да үн қатқан. "Біз заң жобасына қатысты БАҚ-та болып жатқан пікір-таласқа назар аудардық. Әзірге құжатты қолдаушылар аз секілді. Көбі орыс тілін ресми тіл ретінде сақтап қалуды қолдайды", – деп атап өткен Захарова.

Мұны бірқатар өзбек депутаттары Өзбекстанның ішкі ісіне араласуы деп бағалаған.

XS
SM
MD
LG