Ссылки доступа

Түркіменстанда құқық қорғау органдарында қысқартулар болмақ


Жаңа жылдан бастап Түркіменстанның Мары облысында құқық қорғау органдарында отбасы мүшелері мен жақын туыстары бір мекемеде істейтін болса, жұмыстан алына бастайды. Бұл туралы Азаттықтың түркімен қызметі хабарлады.

"Жаңа жылдан бастап азаматтарға туыстары істейтін құқық қорғау органдарына жұмысқа орналасуға тыйым салынады. Атап айтқанда, бір отбасының мүшелері полицияның, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің, прокуратураның және сот органдарының бір мекемесінде істей алмайды", - деді аты-жөнін айтқысы келмеген құқық қорғау қызметкерлерінің бірі.

Оның айтуынша, мұндай өзекті бұйрықтан кейін құқық қорғау органдарындағы барлық қызметкерлердің туыстары, ата-тегі тексеріле бастады. Оларға бір мекемеде істейтін жақындары анықталса, бірден жұмыстан алынатыны ескертілген.

Мары облысы билігі мұндай тыйымның себептерін түсіндірмеді.

Ал "Түркіменстан хроникасы" басылымы өз бұлақтарына сүйеніп, Лебап облысында бір мекемеде туысымен істейтін құқық қорғау қызметкерлері жұмыстан алына бастағанын хабарлады.

"Алғашқыдардың бірі болып зейнетақы жасына жеткен полиция офицерлері жұмыстан алынады деп айтылған. Бірақ қысқартуға ілінгендердің алғашқы тізімінде әртүрлі бағытта, бірақ бір-бірінің қарамағанды істемейтін туысқандар ілінген", - деп жазады басылым.

Бүгінгі күні Түркіменстан соңғы 30 жылдан бері ең ауыр экономикалық қиындықты бастан өткеріп жатыр. Билік экономикалық қиындықтар бар екенін мойнына алмағанымен, ел халқы азық-түлік тапшылығы, жаппай қысқартулар және айлықтың кешігуі секілді жағдайларға тап болып жатады.

XS
SM
MD
LG