Ссылки доступа

Түркияда 23 жастағы қырғыз қызының өліміне байланысты тергеу басталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Анталия қаласы (Түркия) прокуратурасы Р.К. есімді 23 жастағы қырғыз қызының өліміне байланысты тергеу ісін бастады.

"Демир орен" ақпарат агенттігінің мәліметінше, бұл іс бойынша Анталия қаласы Муратпаша ауданының тұрғыны Е.О. атты түрік азаматын тергеуге алған. Көптеген түрік басылымдары мұны жұмбақ оқиғаға теңеп отыр.

Әдетте Түркияда шетел азаматтарының өлімі жедел тергелмейді. Түрік адвокаты Энис Зияли үш жыл бұрын зорлық көрген Малика Ноотиева есімді қырғыз қызының ісі әлі аяқталмағанын айтады.

"Мен сотта Малика Ноотиеваның мүддесін қорғаймын. Сот-медициналық сараптама "Маликаны ауыр темір затпен ұрған" деген қорытынды шығарды. Солай бола тұра айыпталушы қазір бостандықта жүр. Сол себептен мен сотқа өтініш бердім. Қазір мұндай жағдай көбейіп кетті. Жақында ғана бір қырғыз қызының өлімі туралы естідім. Мұнда да күдіктіні тергеп, босата салған. Бұл әділетсіздік", - дейді адвокат.

2017 жылы Малика Ноотиеваға қатысты оқиға Түркияда үлкен резонанс туғызған. Оны М.Й. есімді түрік азаматы зорлап, ауыр затпен ұрып жол бойында ес-түссіз күйінде қалдырып кеткен. Малика Ноотиеваға бірнеше рет ота жасалды. Қазір ол Қырғызстанда, бұл іске қатысты сот шешімін күтіп жүр.

2020 жылы Түркияда қанша шетел әйелі қайтыс болғаны белгісіз. Наурыз айында бір Стамбұл қаласында Түркіменстаннан барған 56 әйелдің уланған алкогольден қайтыс болғаны хабарланған. 2019 жылы Түркиядан Қырғызстанға 17 адамның денесі жөнетілген.

Ресми мәлімет бойынша, Түркияда 25 мың қырғызстандық тіркелген. Олардың көбі Стамбұл, Анкара, Анталия және басқа да ірі қалаларда тұрады.

XS
SM
MD
LG