Ссылки доступа

Әлем елдері жаңа жылдық дәстүрлі шаралардан бас тартып жатыр


Бразилия билігі Жаңа жыл қарсаңында Рио-де-Жанейродағы жағалауларды жабу туралы шешім қабылдады. Қала билігі коронавирустың таралуын осылай тоқтатпақ.

28 желтоқсанда Рио қалалық кеңес теңіз жағалауының 30 шақырымы жабылатынын ескертті. Бұның алдында Копакабана жағалауы жабылған еді. Жаңа жылды қарсы алу мерекелік шаралары осында өтетін. Әлемнің миллиондаған туристі Копакабанаға жиналатын. Биыл мерекелік отшашу да болмайды.

Бразилия коронавирус пандемиясы ошақтарының біріне айналды. Джон Хопкинс Университетінің мәліметі бойынша, елде 7,5 млн адам коронавирус жұқтырған, 191 мыңнан астам адам қайтыс болған.

Әлемнің басқа да елдерінде мерекелік шараларға шектеу қойылды. Австралиядағы Сидней қаласында билік тұрғындарға мерекелік отшашуды үйде отырып көруге кеңес берді.

Нью-Йорк секілді басқа да ірі қалалар биыл мерекелік шараларды қысқартты. Олар ойын-шараларын онлайн өткізуге уәде берді.

Әлем елдері коронавирустың Ұлыбританияда тіркелген жаңа штаммына алаңдап отыр. Өткен аптада вирустың жаңа түрі әлемді дүрліктіріп, соның салдарынан көптеген елдер Еуропамен және басқа да елдермен шекарасын жапты.

XS
SM
MD
LG