Ссылки доступа

11 сенатор АҚШ-тағы сайлау нәтижесін қайта қарайтын төтенше комиссия құрмақ


Дональд Трамп и сенатор Тед Круз на предвыборных дебатах в 2016 году
Дональд Трамп и сенатор Тед Круз на предвыборных дебатах в 2016 году

Техастық Тед Круз бастаған Республикалық партияның 11 сенаторы келер аптада Конгресте президент сайлауының нәтижесін бекітуге қарсы дауыс беретінін мәлімдеді. Конгресс жиынында демократ Джо Байденнің жеңісі ресми түрде бекітіледі деген болжам бар.

Сарапшылар бұл бастаманың тек символдық мәнге ие екенін және Джо Байденнің 20 қаңтарда президент қызметіне кірісуіне еш кедергі жасай алмайтынын айтады.

2 қаңтардағы мәлімдемесінде 11 сенатор "2020 жылғы сайлаудағы бұрмалау мен заң бұзу туралы мәлімет өте көп болды" дейді, бірақ бұл мәлімдемелеріне лайықты дәлел келтірмейді.

Президент Дональд Трамп былтыр қарашада өткен сайлауда жеңілгенін мойындамай, дауыстардың бұрмаланғанын айтып, сайлау нәтижелерін жоққа шығартуға талпынып келеді.

Республикалық партиядан сайланған бір топ сенатор 6 қаңтарда Конгресс Байденнің жеңісін ресми түрде жариялауға жиналғанда сайлау нәтижесін қайта қарау үшін "10 күндік төтенше тексеріс" жүргізетін арнайы комиссия құруды талап етпек.

Конгрестің бірлекен отырысында өкілдер палатасының 140-қа жуық мүшесі де сайлау нәтижесіне қарсылық білдіруі мүмкін деген болжам бар.

АҚШ сайлаушылар алқасы 2020 жылғы 14 желтоқсанда Байденнің жеңісін ресми түрде жариялаған. Демократ Байден сайлаушылар алқасының 306 даусын, ал республикашыл Дональд Трамп 232 даусын алған.

Байденнің ресми өкілі Майкл Гвин бұл әрекетті саяси спектакль деп сынады.

"Бұл әрекет сайланған президент Байденнің 20 қаңтарда ант беруіне еш кедергі жасай алмайды, себебі бұл негізсіз айыптарды Трамптың өзі тағайындаған бас прокурор да, ондаған сот та, екі партияның сайлауға жауапты адамдары да қарап, жоққа шығарған" деді ол.

АҚШ-тың сайлау жүйесі бойынша, халық алдымен өз атынан таңдау жасайтын сайлаушылар алқасының мүшелеріне дауыс береді, ал олар жалпыұлттық сайлаудан бірнеше апта өткен соң формалды түрде АҚШ президентін анықтайды.

Республикалық партияның сенаторлары сайлау нәтижелерін қайта қарауды қажет ететін "даулы штаттардан" келген сайлаушылар алқасы мүшелерін мойындамайтынын айтады.

Конгресс олар қойған талаптарды орындауы неғайбыл.

АҚШ конгресінде сайлау нәтижесіне қарсы шығу ұсынысы Республикалық партияның өзін екіге жарып отыр. Сенаттағы көпшіліктің басшысы Митч Макконелл партияға кірмейтін сайлау комиссияларының өкілдері "әділ де таза өтті" деп бағалаған сайлауға күмән келтірмеуге шақырды.

Апта басында Республикалық партия атынан Небраскадан сайланған сенатор Бен Сассе партияластарын елдің азаматтық нормаларына қауіп төндіретін бұл "қатерлі бастамадан" бас тартуға шақырған.

XS
SM
MD
LG