Ссылки доступа

Қырғызстанда тұрғындар жолды жапқан ауданның милиция басшысы қызметтен алынды


Жалал-Абад облысына қарасты Аксый ауданында тұрғындар жолды жапқан соң, жергілікті ішкі істер басқармасының басшысы, милиция полковнигі Шекербек Тангиров қызметтен алынды.

Қырғызстан ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауыс-түйіс жергілікті халықтың наразылық акциясынан кейін болып отыр. 2 қаңтарда шамамен 300 адам күре жолды жауып, жол шетіне екі киіз үй тіккен. Бірақ кейін жол ашылды.

Жергілікті халықтың наразылығына өткен жылы болған жаппай төбелеске қатысты қылмыстық іс түрткі болған. 2020 жылғы 7 қазанда Жалал-Абад облысының Кербен қаласында жаппай төбелес болды. Сол кезде бір топ адам Аксый ауданының әкімі Эсеналы Ормоналиевтің қызметтен кетуін талап еткен. Наразылық соңы жаппай төбелеске ұласып, бір адам өлген. Қылмыстық іс қозғалып, үш күдікті қамауға алынған.

Жолды жапқандар арасында күдіктілердің туыстары болды. Олар бұл жолы да аудан әкімінің қызметтен кетуін талап етті. Мәліметтерге қарағанда, жергілікті шенеунік қызметтен кету туралы өтініш берген.

Ішкі істер министрлігі кісі өліміне қатысты қылмыстық іс заң аясында қаралып жатқанын, оны Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті бақылауға алғанын хабарлады.

XS
SM
MD
LG