Ссылки доступа

Әндіжанда жергілікті тұрғынды жазалаған бес адам айыппұлмен құтылды


Өзбекстанның Әндіжан облысында жергілікті бес тұрғын әкімшілік жазаға тартылды.

Олар базарды видеоға түсірген адамды өз бетімен жазалағаны үшін айыпты деп танылды. Жалакудук аудандық соты өкілінің хабарлауынша, оқиға өткен жылы 22 желтоқсанда болған. Сот істі 25 желтоқсанда қараған.

Сот шешімі биыл 4 қаңтарда күшіне енді. Үкім бойынша, айыпталушылар 735 мың сум немесе 69 доллар айыппұл төлеуі тиіс. Тараптар сот шешіміне арызданбады.

Әндіжан облыстық ішкі істер департаментінің хабарлауынша, оқиға Жалакудук ауданы орталығындағы базарда болған. Жәбірленуші базардағы көкөніс бағасын зерттеуге келген.

Жігіт базарды видеоға түсіріп жатқанда сол маңдағы жігіттер жол ережесінің бұзылуын тіркеп жатыр деп ойлап, оны балағаттаған. Жігіт түсірген видео әлеуметтік желілерде таралды. Базардағы жігіттер оны балағаттап қана қоймай, оған қол көтерген. Біреуі оны ағашқа іліп қоюды ұсынған.

Заңгерлер аудандық сот жеңіл жаза шығарды деп есептейді. Өзбекстанның қылмыс кодексінде өз бетімен жазалауға қатысты бап жоқ, сол себепті судьялар мұндай істі қылмыстың қай түріне жатқызу керектігін білмейді.

XS
SM
MD
LG