Ссылки доступа

87 жастағы тәжік ақсақалы саяси тұтқындардың туыстарына көмектескені үшін сотталды


Тәжікстанда сот 87 жастағы Дониер Нәбиевті тыйым салынған Тәжікстан ислам өркендеу партиясының түрмедегі мүшелерінің туыстарына көмектескені үшін бес жылға соттады.

Сот үкімі былтыр 28 желтоқсанда шығарылған. Үкім туралы ақпаратты сот Озоди радиосына растады, бірақ іс мәліметтерін беруден бас тартты. Іс материалдары құпия сақталады.

Тәжікстан ислам өркендеу партиясының бұрынғы мүшесі Махмади Тешаевтың хабарлауынша, Нәбиев (жергілікті тұрғындар оны Бобои Дона деп атайды) бұрын осы партияның мүшесі болған. Оның айтуынша, Нәбиевті былтыр қыркүйек айында ұстаған. «Бобои Дона мереке күндері партияның түрмедегі мүшелерінің туыстарына азық-түлік таратып келген. Сол себепті оны ұстап, түрмеге қамады», - деді Тешаев.

Сот Нәбиевке нақты қандай бап бойынша жаза тағайындағаны белгісіз. Ресми органдар оның ұсталғаны, сотталғаны туралы ешқандай мәлімет таратпады.

2014 жылы Тәжікстан билігі Мәскеуде құрылған «24 топ» саяси қозғалысын экстремистік ұйым деп жариялады. Бір жылдан соң Тәжікстан ислам өркендеу партиясы террористік ұйым деп танылып, ел аумағында оның қызметіне тыйым салынды. Содан бері партия мүшелері мен белсенділері қудаланып келеді.

XS
SM
MD
LG