Ссылки доступа

Тоқаев тарихи фильмдер түсіруді тапсырып, қырғыз фильмін мысалға алды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдар мен телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың бір бөлігін тарихи тақырыптарды насихаттауға жұмсауды тапсырды. Бұл туралы мемлекет басшысының Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған мақаласында айтылды.

«Әлбетте, қаржы мәселесі шешіледі. Көп қаражатсыз-ақ сапалы фильм түсіруге болады. Аз ақшамен сапасы жоғары фильм шығаруға болатынын Қырғызстан дәлелдеді. «Құрманжан датқа» фильмі туралы айтып отырмын», - деп мәлімдеді президент.

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан тарихында фильм түсіруге тұрарлық оқиғалар жетерлік. Олар тәуелсіздік бағасын көрсетуі керек. Президент Семейдегі ядролық полигон, «Алашорда» қозғалысының қайраткерлері, сонымен бірге 1921-1922 жылдардағы ашарлық тақырыптарын мысал ретінде келтірген.

Тоқаевтың пікірінше, ел тәуелсіздігі жылдары туған ұрпақ егемендікті дәлел қажетсінбейтін аксиома ретінде қабылдап жүр. «Тәуелсіздік бағасы жадымызда мәңгілік сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қандай жолмен келгенін білуі тиіс», - дейді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, «еркіндік оңай жолмен келген жоқ». Ата-бабаларымыз сол үшін күресті, ауыр замандарды басынан өткерді. Соның бәрі ел есінде сақталуы тиіс, деп есептейді президент.

«Құрманжан датқа» - қырғыз үкіметінің тапсырмасымен түсірілген алғашқы толық метражды тарихи фильм. Қырғызстан бұл фильмге 70 млн сом (шамамен 1,5 млн доллар) жұмсады. Оны режиссер Садык Шер-Нияз түсірді. Фильм Алматыда да көрсетілді. Сол кезде қазақстандық өнертанушы Мақсұт Қанапиянов «Көшпенділер» тарихи фильмі қырғыздың «Құрманжан датқасынан» 20 есе қымбатқа түскенін айтқан.

XS
SM
MD
LG