Ссылки доступа

Садыр Жапаров: Менен ешнәрсе таппаған соң, енді Қытаймен байланыстырып жатыр


"Менен ешнәрсе таппаған соң, енді Қытаймен байланыстырып жатыр", - деп мәлімдеді қырғыз президенттігінен үміткер Садыр Жапаров 10 қаңтар күні №1053 сайлау учаскесінде дауыс бергеннен кейін. Өзінің атына айтылған сындарға ол осылай жауап берді.

"Жалғыз қиялдары жеткені осы болды. "Жерді сатты, ішті-жеді" деген айыптар таға алмаған соң, мені "Қытайдың тыңшысы", "Қытай азаматының досы" дей бастады. Бірақ халық мұндай өсек-аяңға сенбейді, қазір бәрінің қолында смартфон бар, кез келген ақпаратты тексеруге болады. Қазір телерадио арқылы адамды қаралай алмайды. Бұйыртса, жақын күндері президент, үкімет және парламент депутаттары қалай жұмыс істейтінін көрсетеміз", - деді ол.

Садыр Жапаров 6 қазанға қараған түні түрмеден босатылды. 16 қазанда ол елдің премьер-министрі, келесі күні мемлекет басшысының міндетін атқарушы болды.

Бір ай өткен соң ол мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу және Қырғызстан Конституциясын өзгертуге байланысты референдум өткізу жөніндегі жарлыққа қол қойды.

Бүгін 10 қаңтарда қырғызстандықтар үшін үш жолдың бірін таңдау тұр: президенттік басқару, парламенттік басқару немесе "бәріне қарсы".

Қырғыз президенттігіне 17 үміткер қатысып жатыр. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, 3 млн 563 мың 574 сайлаушы дауыс бере алады.

XS
SM
MD
LG