Ссылки доступа

Душанбе: 80 жастағы Дона Набиев экстремистермен араласқан


Тәжікстанда тыйым салынған партияның бұрынғы мүшесі Дона Набиев ұсталған соң биліктің бұл әрекетіне сын көп айтылды. Содан кейін ғана республиканың ішкі істер министрлігі 80 жастағы ақсақалдың ұсталуы жөнінде мәлімдеме таратты.

Министрлік мәлімдемесі 8 қаңтарда жарияланды. Онда тыйым салынған Тәжікстан ислам өркендеу партиясының бұрынғы мүшесі Дона Набиев экстремизм және шетелдегі тәжік содырларына қаржылай көмек көрсетті деген айыптармен жеті жылға сотталғаны айтылған.

Ислам өркендеу партиясы бұл істің "саяси астары бар екенін" мәлімдеген.

Ішкі істер министрлігінің мәлімдемесінде Набиев "белгілі-бір елдердің арнайы қызметі бөлген қаражатты, шетелден аударылған ақшаларды экстремизм идеясын насихаттауға жұмсаған" делінген. Дегенмен министрлік нақты қай елдердің арнайы қызметі екенін айтпады, оған ешқандай дәлел келтірмеді.

Артынша тыйым салынған Ислам өркендеу партиясы министрлік мәлімдемесіне жауап беріп, "қаражаттың ешқандай арнайы қызметке қатысы жоқтығын", "түрмеде отырғандардың отбасылары жіберген ақшаны алу қылмысқа жатпайтынын" айтқан.

Бұның алдында партия Дона Набиевті билік партияның түрмеде отырған бұрынғы мүшелерінің отбасыларына көмектескені үшін ұстағанын хабарлаған.

Ішкі істер министрлігі болса Набиев ақшаның бір бөлігін Ауғанстанға, «Жамоати Ансоруллох» ұйымының содырларына жолдаған деп отыр.

Тыйым салынған партия министрліктің бұл мәліметін жоққа шығарды.

Дона Набиев 2020 жылғы қыркүйек айының соңында ұсталды. Үш айдан соң оның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот өткен. Сот жабық өткен. Набиевтің адвокаты болған-болмағаны белгісіз.

2015 жылы Тәжікстан Жоғарғы соты Ислам өркендеу партиясын экстремистік және террористік ұйым деп танып, оның қызметіне ел аумағында тыйым салды.

XS
SM
MD
LG