Ссылки доступа

Қырғызстанда екі белсенді алаяқтық күдігімен тергеу абақтысына қамалды


Бішкектің Бірінші май аудандық соты азаматтық белсенділер Мелис Аспеков пен Ұлан Жураевты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысына екі айға қамау туралы шешім шығарды. Бұл жөнінде Азаттыққа соттың баспасөз қызметі хабарлады.

9 қаңтарда Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Кыргыз Темир Жолу" мемлекеттік кәсіпорны басшыларынан ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікпен Аспеков пен Жураевтың ұсталғанын хабарлаған.

Тергеу мәліметі бойынша, белсенділер кәсіпорын жұмысын тексеруді сұрап, митинг өткіземіз деп 250 мың доллар талап еткен.

Аспеков пен Жураевтың адвокаттары әзірге іске қатысты түсініктеме бермеді.

Аспеков осының алдында Facebook парақшасына президенттікке үміткер Садыр Жапаровтың Шу облысындағы сайлауалды штабын басқарамын деп жазған. Бірақ Жапаровтың уәкілетті өкілі Александр Мощин 23 желтоқсанда Мелис Аспеков пен Торохан Жунусбековке қарсы Орталық сайлау комиссиясына және ішкі істер министрлігіне шағым түсірген.

Онда Мощин Аспеков пен Жунусбеков үміткер Жапаровқа ешқандай ресми не заңдық қатысы жоқ әрі сайлауалды штабтың қызметкерлері емес деген.

XS
SM
MD
LG