Ссылки доступа

Садыр Жапаров: Қырғызстан Конституциясын өзгерту жөніндегі референдум биыл маусымға дейін өтеді


Қырғызстанда президент сайлауында алда келе жатқан Садыр Жапаров Конституцияны өзгерту жөніндегі референдум 2021 жылдың маусым айына дейін өтетінін айтты.

«Халық президенттік басқару жүйесін таңдады. Енді конституциялық жиналыс Конституцияның жаңа жобасын ұсынады, ал парламент референдум өтетін күнді белгілейді. Жогорку Кенеш депутаттарын сайлау жүйесі де өзгереді. Парламенттің жартысы бірмандатты жүйе бойынша жасақталса,қалған мандаттар партиялық жүйе негізінде анықталады. Бұл мәселе маусым айына дейін шешеліп қалар», - деді ол.

Соңғы мәліметтер бойынша, Садыр Жапаров президент сайлауында сайлаушылардың 79,2 пайыз дауысына ие болып, қарсыластарын артта қалдырды.

Жексенбі күні Қырғызстанда мерзімінен бұрын сайлау өтті. Сайлау былтыр қазан айындағы оқиғадан соң жарияланды. Парламент сайлауы нәтижесіне наразы болған партиялар митинг ұйымдастырып, соңында билік ауысты. Президент Сооронбай Жээнбеков мемлекет басшысы қызметінен кетті. Наразылық кезінде түрмеден босап шыққан Садыр Жапаров жаңа президент қызметіне басты үміткер атанды.

Қырғызстанда басқару формасын өзгерту жөніндегі референдум президент сайлауымен қатар өтті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, президенттік басқару жүйесін сайлаушылардың 81 пайызы қолдаан, парламенттік формаға сайлаушылардың 10,95 пайызы дауыс берген. Екеуіне қарсы шыққандар – 4,43 пайыз. Жапаров сайлаудағы жеңісінен соң Конституцияны өзгерту жөнінде референдум өткізуді көздеп отыр.

XS
SM
MD
LG