Ссылки доступа

Мұғалжардағы алтын кеніш жұмысшылары ереуілін тоқтатты


Мұғалжардың алтын кенішіндегі ереуілден соң жұмысшылар жалақысы 25 пайызға көбейетін болды. Бұл туралы Азаттыққа AltynEx компаниясы хабарлады.

"12 қаңтар күні жұмысшылармен келіссөз жүргізіліп, жалақыларын қаңтар айынан бастап 25 пайызға көбейту туралы шешім қабылданды. Одан бөлек, кеніш жұмысшыларының еңбек жағдайын жақсартуға байланысты бірнеше мәселе шешімін тапты" делінген AltynEx компаниясының хабарламасында.

Алтын өндіретін "Юбилейное" кенішінің жұмысшылары да тараптардың мәмілеге келгенін растап отыр. Олардың сөзінше, жалақы дауына байланысты келіссөз екі сағатқа созылған. "Бәрі дұрыс. Шахтаға қайта түстік" деді аты-жөнін айтқысы келмеген жұмысшылардың бірі 13 қаңтарда Азаттық тілшісіне.

- Алтынды ауылындағы шахта кешкі сегіздер шамасында қайта жұмыс істей бастады. Яғни, келіссөзден соң жұмысшылар кешкі ауысымға кетті. AltynEx компаниясының Алматыдан келген өкілі өндіріс көлемі ұлғайса, жұмысшылар жалақысы тағы да көбейетінін айтты. Ұжым жалақысы 25 пайызға өсті, ал 100 мың теңгеден аз табыс табатын жұмысшылар жалақысын компания 30-45 пайызға дейін көбейтпек, - дейді Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қобыландин.

12 қаңтарда Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы алтын өндіретін "Юбилейное" кенішінің жұмысшылары ереуіл өткізіп, өндірісті тоқтатып тастаған. Кеніш жұмысшылары жалақыларын 50 пайызға көбейтуді талап еткен. Жалақының аздығына наразылық білдіргендердің жалпы саны – жүз шақты адам.

Мұғалжардың Алтынды ауылындағы кеніш қазақстандық AltynEx Company иелігінде. Компания кен орнына 2015 жылдан бері иелік етеді. Алтындыдағы кеніште вахталық әдіспен 460 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын жылына 400 мың тонна кен өндіреді.

XS
SM
MD
LG