Ссылки доступа

Коронавирустың тарауын зерттейтін ДДСҰ сарапшылары Уханьға жетті


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары коронавирустың тарауын зерттеу үшін Қытайға келді. Қытайлық БАҚ 10 адамнан құралған халықаралық сарапшылар тобының Уханьға 14 қаңтарда жеткенін хабарлады. Олар 2019 жылдың соңында вирус ошағына айналған қалада бір айға жуық уақыт болады.

​АҚШ, Австралия, Германия, Жапония, Ұлыбритания, Ресей, Нидерланд, Катар, Вьетнам мамандары карантин жағдайында жұмыс істейді. Қытай сарапшыларымен видеомен байланысқа шығып, мәселені талқылап отырады.

ДДСҰ басшысы Тедрос Гебрейесус өткен аптада Қытайға сапардың шегерілгеніне өкініш білдірген. Ұйым басшысы 5 қаңтарда Қытай билігі ғалымдардың кіруіне әлі рұқсат бермеді деп мәлімдеген. Соның салдарынан кейбір мамандар елдеріне қайтуға мәжбүр болған. Гебрейесус Қытай билігіне сапардың маңыздылығын анық жеткізгенін атап өткен.

Оның айтуынша, ғалымдар Қытайда коронавирустың адамға алғаш қалай жұққанын анықтауға күш салады.

Бұған дейін коронавирустың жұғу тәсілі жайлы түрлі болжам айтылған. Вирус Уханьдағы базарда сатылған жануарлар еті арқылы адамға жұқты деген болжам да тараған.

Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Чжао Лицзянь 12 қаңтарда тараптар арасында келіссөз жүргеннен кейін Пекин ғалымдардың кіруіне рұқсат бергенін айтты. Министрлік ғалымдар сапарын "коронавирус тегін анықтауды көздеген ғылыми әріптестік негізінде Қытай ғалымдары мен медицина мамандарымен пікір алмасу" мүмкіндігі деп атады.

Лицзянь баспасөз жиыны кезінде вирустың тарауына көптеген елдің қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеді.

"Эпидемиологиялық ахуал өзгерген сайын вирус жайлы біліміміз толығып, ертерек кейстер де анықталып жатыр" деді.

Қытай үкіметі індетті бұзылған теңіз өнімдерін импорттаумен байланыстыруға бейім. Бұл болжамды халықаралық сарапшылар жоққа шығарған.

XS
SM
MD
LG