Ссылки доступа

АҚШ-та Капитолийға басып кірді деп екі дүркін Олимпиада чемпионына қарсы айып тағылды


Вашингтондағы Федералдық сот жүзуден екі рет олимпиада чемпионы атанған Клит Келлерге қарсы Дональд Трамптың жақтастарымен бірге Капитолийге жасаған шабуылға байланысты үш бірдей айып тақты. Бұл жөнінде ESPN хабарлайды.

АҚШ құрамасының бұрынғы мүшесі Капитолийға заңсыз кірді, полицияға кедергі келтірді деп айыпталып отыр.

Ол оқиға кезінде суреттен анықталған. Қазір оның әлеуметтік желілердегі аккаунттары өшірілді, байланыста жоқ. Қазір оның ұсталған, ұсталмағаны белгісіз деп хабарлайды CNN.

Келлер – 2000, 2004 және 2008 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы. Алғашқы алтын медалін 2004 жылы Афинада алған. Екінші алтынды Бейжіңде өткен ойында иеленген. Қазір ол Колорадода риелтор болып жұмыс істейді.

6 қаңтарда Трамп қатысқан митингіден кейін оның ашулы жақтастары Вашингтондағы Капитолий ғимаратына басып кіріп, Джо Байденнің жеңісін мақұлдамақ болған Конгрестің жиынын тоқтатып, тәртіпсіздік жасаған. Оқиға кезінде бес адам қаза тапқан. Трамп митингіде жақтастарын күш қолдануға шақырмағанын айтты.

Оқиғадан соң көп ұзамай Twitter мен Facebook желілері Дональд Трамптың аккаунттарын бұғаттап тастады.

XS
SM
MD
LG