Ссылки доступа

Қырғыз парламенті премьер-министр қызметіне үміткерді президент инаугурациясынан соң ұсынады


Парламентте басымдыққа ие коалиция премьер-министр қызметіне үміткерді әлі ұсынған жоқ. Бұл туралы "Азаттыкқа" коалиция жетекшісі Иса Омуркулов мәлімдеді.

Оның айтуынша, үміткер президент инаугурациясы өткен соң ұсынылады.

"Президент сайланды. Оның инаугурациясы өткен соң премьер-министр қызметіне үміткер ұсынылады. Конституция бойынша, кандидатты парламентте басымдыққа ие коалиция ұсынады. Қазір бізге экономиканы жақсы түсінетін, тәжірибелі маман қажет. Үкімет басшысының тәжірибе жинауын күтетін бізде уақыт жоқ", - деді Иса Омуркулов.

Депутат Омурбек Текебаевтың айтуынша, президент басқа да мемлекеттік қызметті қоса атқара алмайды, сол себепті Садыр Жапаров премьер қызметін инаугурацияға дейін тапсыруы тиіс. Одан коалиция 15 күннің ішінде үкіметтің жаңа басшысын таңдайды.

Былтыр қазан оқиғасынан соң билікке келген Садыр Жапаров президент сайлауына қатысу үшін қарашада премьер-министр міндетінен уақытша бас тартты. Президент міндетін уақытша Талант Мамытов атқарса, премьер-министр қызметі бірінші вице-премьер-министр Артем Новиковқа жүктелді. Мерзімінен бұрын ұйымдастырылған президент сайлауынан соң үкімет Садыр Жапаровтың премьер-министр қызметіне оралмайтынын, инаугурациядан соң бұл қызметті ресми түрде тапсыратынын мәлімдеді.

10 қаңтарда Қырғызстанда мерзімінен бұрын президент сайлауы мен референдум өтті. ОСК мәліметі бойынша, Садыр Жапаров 79 пайыз дауыспен жеңіске жетті.

XS
SM
MD
LG