Зауытта жұмысшыларды қысқартуға наразы болған жұмысшылар күнде жұмыстан соң зауыт алдындағы жолды жауып жүр.
Зауыт өкілдерінің айтуынша, Алтыарыктағы мекемеде қысқарту болмайды, бірақ кәсіпорында жұмыс көлемі азаюуына байланысты айлық төмендейді.
Бұл зауытта бір жылдан бері бірнеше наразылық акциясы өтті. Жұмысшылар зауытты "Jizzakh Petroleum" компаниясына басқаруға берген соң болып жатқан өзгерістерге қарсы шықты.
Алтыарык ауданына қарасты Тинчлик қалашығындағы бір топ жұмысшы 10 қаңтардан бастап наразылық акциясын күнде өткізіп жүр.
"Зауытта 900 адам жұмыс істейді. Екі айдан соң бар болғаны 120 адам қалды. Біз бұған қарсымыз. Күнде кешкісін зауыт алдындағы көшені жауып жүрміз. Милиция келеді де, бізді тарқатып жібереді", - деді зауыт жұмысшыларының бірі.
Оқиға орнында түсірілген видеода жұмысшылар "Бізге көмектесіңдер", "Бізге жұмыс беріңдер", "Бізге мұнай беріңдер" деген плакаттар ұстап тұр.
Ферғанадағы мұнай өңдеу зауыты - елдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Өзбекстан тәуілсіздік алған жылдары зауыт республиканың алғашқы президенті Ислам Каримов отбасының бақылауында болған.
Зауытты ұзақ жылдары бойы Гүлнара Каримованың аталас бауыры Акбарали Абдуллаев пен оның анасы Тамара Акбарова басқарған. Кейін Акбарали Абдуллаевқа зауыттан 800 миллион доллар қаражат жымқырды деген айып тағылды. Президент Шавкат Мирзияев үкіметі оны халықаралық іздеуге берген. Қазір ол шетелде тығылып жүр.