Ссылки доступа

АҚШ санкциясы тізіміндегі Райымбек Матраимов пен оның әйелі тегін өзгертті


Қырғызстан кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов АҚШ санкциясы тізіміне енген соң тегін өзгертті.

Қырғызстан мемлекеттік тіркеу қызметінің өкілі Дамира Азимбаева "Азаттыкқа" Матраимов пен оның Уулкан Тургунова тегін өзгерткенін растады, бірақ олардың қандай фамилия таңдағанын айтпады. Қызмет өкілінің айтуынша, Қырғызстанда әрбір азамат тегін өзгертуге құқылы.

Бірақ 15 қаңтарда Бішкек қалалық сотының судьясы Жылдыз Ибраимова Матраимовтар отбасының "Азаттыкқа", оның тілшісі Әли Токтакуновқа және Kloop порталына қарсы шағымын қарауды тоқтатты. Судьяның айтуынша, Райымбек Матраимов тегін Исмаилов деп, ал оның әйелі Уулкан Тургунова тегін Сулайманова деп өзгерткен. Судья адвокаттан Матраимов пен оның әйелінің тегі өзгертілгенін растайтын құжат тапсыруын сұрады. Сот содан кейін ғана жалғасады.

Былтыр 9 желтоқсанда АҚШ Райымбек Матраимовты санкция тізіміне қосқаны мәлім болды. Қара тізімде оның әйелі Уулкан Тургунова да бар.

49 жастағы Райымбек Матраимов 1997-2017 жылдары Мемлекеттік кеден қызметінде істеді. Бұрынғы шенеуніктің есімі Азаттык, "Клооп" және Жемқорлық, ұйымдасқан қылмыстарды зерттеу жөніндегі орталығының журналистік зерттеуінде аталды. Онда шенеунік кеден органдарында істеген уақытта ақша ұрлағаны айтылған.

XS
SM
MD
LG