Ссылки доступа

Комиссия: Хромтаудағы мыс кенішіндегі жарылысқа жұмысшылардың қауіпсіздікке мән бермегені себеп


Ақтөбе облысы Хромтау ауданындағы "Весенняя Аралчинская" мыс кенішінде төрт адам қаза болған соң құрылған комиссия 21 қаңтарда тексеріс қорытындысын жариялады.

Ақтөбе облысы Хромтау ауданындағы "Весенняя Аралчинская" мыс кенішінде төрт адам қаза болған соң құрылған комиссия 21 қаңтарда тексеріс қорытындысын жариялады.

Комиссия "бес адам жер астына түскенде шахтадағы вентиляция қосылмаған және жұмысшылар қауіпсіздікке жеткілікті мән бермеген" деп шешкен.

Ақтөбе облысы еңбек инспекциясы басшысы Саламат Аманбаевтың сөзінше, кеншілердің өз өмірін сақтап қалуға толық мүмкіндігі болған, бірақ олар жағдай туындағанда жеке қорғаныш құралын пайдаланбаған.

- Жер астындағы жоспарлы жарылыс кезінде қалың ақ тұман пайда болған. Яғни, шахтада газ шыққан. Тап осы сәтте жұмысшылардың қорғану әрекеті басталуы керек еді. Шахтаға түскен бес адамның бірі – Қанат Абдуллаев газ тарай бастағанда оттегі толтырылған "Самоспасатель" құрылғысын киіп, отыра қалған. Қалған үш адам тау-кен шебері Асхат Қайқановтың командасынан кейін сыртқа қарай жүгіре жөнелген. "Самоспасатель" құрылғысын жүгіріп бара жатып кию мүмкін емес. 30-40 минуттан соң тұман сейіліп, аман қалған Абдуллаев әріптестерін іздей бастайды. Бұл кезде олар қайтыс болып кеткен. Шахтаға түсетін әр кеншінің бас киімінде "Луч-4" деп аталатын жарықшам (светильник) болады. Сол шамның астында диспетчермен байланысатын SOS түймешесі бар. Аман қалған Абдуллаев SOS түймешесін басып, болған жайтты хабарлаған, - дейді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясының басшысы Саламат Аманбаев.

Қорытындыға сілтеген Аманбаев "болған оқиғаға тау-кен шебері Асхат Қайқановтың 20 пайыз кінәсі бар, кінәнің қалған 80 пайызы жұмыс берушінің мойнында" деді.

Көктаудағы мыс кенішін тексерген комиссия оқыс оқиға болған кезде шахтадағы вентиляция құрылғысының қосылмағанын анықтаған. Саламат Аманбаевтың сөзінше, вентиляция құрылғысы "Весенняя Аралчинская" компаниясының бас инженері Наиль Сафиннің айтуымен сағат 18:50 өшіріліп, 20 минуттан соң қайта қосылған. Ал төтенше жағдай 19:00 шамасында болған. Төрт жұмысшысы қаза тапқан мыс кенішінің бас инженері Наиль Сафин Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап беруден бас тартты.

Оқиға болған күннің ертесіне Азаттыққа телефонмен сұқбат берген Наиль Сафин кеніште қауіпсіздікке көп мән берілетінін, қорғаныш құралдарының жеткілікті екенін айтқан еді. Мыс кенішін тексерген арнайы комиссия Сафиннің әзір жұмыстан шеттетілмегенін айтты. Аты-жөнін атамауды өтінген кеншілердің сөзінше, Наиль Сафин біраздан бері көрінбей кеткен.

Көктаудағы мыс кенішінде төрт адам қаза болғаннан кейін басқа жұмысшылар өндірістегі қауіпсіздік мәселесін сынап, шахтаға жұрт коронавирустан қорғану үшін киіп жүрген медициналық респиратормен түсіп жүрміз деген болатын.

Бүгін, 21 қаңтардағы онлайн брифингіде Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясының басшысы Саламат Аманбаев "мыс кенішінде еңбек қауіпсіздігі сақталмайды деп айта алмаймын" деді. Комиссия тексеру қортындысын полиция мен прокуратураға жолдаған.

Полицияның мәліметінше, Көктаудың мыс кенішіндегі оқиғаға байланысты қылмыстық кодекстің "Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу" және "Абайсызда екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет" бабы бойынша іс қозғалған. Әзір нақты ешкімге айып тағылмаған.

Хромтау ауданы Көктау ауылынан 30 шақырым жерде орналасқан шахта "Ақтөбе мыс компаниясына" тиесілі. Қайғылы оқиға 2020 жылғы 30 желтоқсан күні кенішті жару кезінде 1,5 шақырым тереңдікте болған.

XS
SM
MD
LG