Ссылки доступа

HRW тәжік билігінен 80 жастағы Дониер Нәбиевті босатуын талап етті


Халықаралық Human Right Watch (HRW) 80 жастағы Дониер (Дона) Нәбиевтің жеті жылға қамалуына алаңдап, тәжік билігінен ақсақалды тез арада босатуын талап етті.

80 жастағы Дониер Нәбиев былтыр тамызда ұсталды. 28 желтоқсанда Душанбе қаласы Исмоили Сомони ауданының соты ақсақалды тыйым салынған Тәжікстан ислам өркендеу партиясының түрмедегі мүшелерінің туыстарына «материалдық қолдау көрсеткені үшін» жеті жылға соттады.

Нәбиевтің туыстарының айтуынша, ақсақал туберкулезбен ауырады, қазір оның халі нашарлап барады, өйткені түрмеде науқасты емдеуге жағдай жоқ. Сол себепті олар Тәжікстан Жоғарғы сотына арызданып, үкімді қайта қарауын сұраған.

HRW ұйымының 20 қаңтарда жарияланған мәлімдемесінде «Дониер Нәбиев қайырымдылық әрекеті үшін сотталды. Ол тыйым салынған ұйымның сотталған мүшелерінің туыстарына өз қалтасынан 15-30 доллардан берген» делінген.

Бұның алдында Тәжікстан ішкі істер министрлігі «Нәбиев шетелден ақша аудару жүйесімен қаражат алып, оны экстремистік идея таратушыларға берді» деп хабарлады. Министрлік Тәжікстандағы азамат соғысы кезінде Ислам өркендеу партиясы құрамында болған Нәбиев қылмыстық әрекеттер жасады деп мәлімдеп, бірақ кейін рақымшылық алғанын ескерткен.

Тәжікстан ислам өркендеу партиясының басшылығы істің саяси астары барын мәлімдеп отыр. «Кезінде партия мүшесі болған қарт адамды қаралау үшін әдейі іс қозғалған» деп есептейді партиядағылар.

HRW ұйымы да істің саяси астарына назар аударды. Қылмыстық іс Тәжікстан билігінің саяси қарсыластарын қудалаудан бас тартпағанын көрсетеді, деп мәлімдеді халықаралық ұйым.

XS
SM
MD
LG