Ссылки доступа

Салық органдары Адам құқығы жөніндегі бюро мен "Халықаралық құқықтық бастаманың" жұмысын 3 айға тоқтатты


Қазақстандағы Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро жетекшісі Евгений Жовтис пен адвокат Инара Масанова бюроның баспасөз орталығында. Алматы, 29 қаңтар 2020 жыл.

Қазақстанның салық органдары елдегі екі үкіметтік емес ұйым – Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро мен "Халықаралық құқықтық бастаманың" жұмысын үш айға шектеді.

Салық органдары екі ұйымға әкімшілік айыппұл да салды. Бұл туралы Азаттыққа ұйым өкілдері хабарлады. Салық органдарының шешімі 25 қаңтарда Алматыда қабылданған, әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бюроға екі миллион теңгедей айыппұл салынып, үш айға жұмысы тоқтатылды. Ұйым директоры Евгений Жовтистің сөзінше, істі қарау кезінде көп заң бұзушылық болған.

- Салық органының қызметкері істі қараған адамға көп жағдайды айтып отырды. Біз сол салық органы қызметкеріне сұрақ қоймақ болдық. Біз көптеген дәйек ұсындық, бірақ оны қабылдамады. Шешім әлі күшіне енген жоқ, мемлекеттік кіріс департаментіне шағым түсіруге он күн уақытымыз бар. Одан кейін сотқа барамыз, егер бұл істің саяси астары болса, үміт аз, - дейді ол.

Жовтистің сөзінше, бюро жұмысының үш айға тоқтауы ұйым қызметіне көп зиянын тигізбек.

- Қызметкерлерге қиын болмақ. Бізде 44 адам жұмыс істейді, пандемия кезінде олар табыссыз қалмақ. Бұл билікке не үшін қажет, түсінбедім, - дейді Жовтис.

Бюро сияқты адам құқығы мәселесімен айналысатын "Халықаралық құқықтық бастама" ұйымының да қызметі үш айға тоқтап, 1,1 миллион теңге айыппұл салынды. ҮЕҰ бұл істі ұйым жұмысын бұзу үшін жасалған "саяси тапсырыс" деп санайды.

- Бізді барлық құқықтан айырып, жағдайды реттеуге мүмкіндік бермеді. Бізді жазалауды ғана ойлады. Бұл – тағы бір саяси тапсырыс, қудалау. Олар біздің БҰҰ, ЕҚЫҰ және Еуропа одағындағы елдермен байланысқанымызды қаламады. Ел ішінде бірде-бір бірлестікті халықаралық ұйымдармен байланыстырмас үшін біздің ауызымызды жапты, - дейді "Халықаралық құқықтық бастама" жетекшісі Амангелді Шорманбаев.

Бұл ұйым да салық органдарының шешіміне шағым түсірмек. Шорманбаев осы шешімнен кейін ұйым мүлде жабылып қалуы мүмкін деп санайды.

«Посчитать честно — страшно». Истории «неудобных» наблюдателей
пожалуйста, подождите

No media source currently available

0:00 0:04:41 0:00

Азаттық бұған дейін Мемлекеттік кіріс комитетіне ресми хат жолдап, ҮЕҰ-ға жасалған салық тексерісі мен оларға тағылған нақты айып туралы сұраған. Бұл ресми сауалға жауап келген жоқ.

2019 жылы қарашада салық органдары елдегі 13 қоғамдық және құқық қорғау органдарына тексеріспен келген. Ұйымдар бұл тексерісті "негізсіз" деген еді. Ұйымдардың басым бөлігі елдегі сайлауды және сөз бостандығын қадағалайды. Салық органдарының бір уақытта басталған тексерісін ұйымдар "саяси қысым" деген.

15 қаңтарда Алматы қаласы Алмалы ауданының салық департаменті сайлауды қадағалаумен айналысатын "Эхо" бірлестігінің жұмысын үш айға тоқтатып, 1,1 миллион теңге айыппұл салған.

19 қаңтарда Нұр-Сұлтандағы Есіл аудандық салық басқармасы "Еркіндік қанаты" ұйымына "салық есебін уақытында тапсырмады" деп 277 мың теңге айыппұл салған.

Салық органдары алдағы күндері тағы да бірнеше ұйымның ісін қарамақ.

Жақында Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы қазақстандық мемлекеттік органдардың іс-әрекетін "репрессивті шаралар" деп бағалап, қатты сынаған.

XS
SM
MD
LG