Ссылки доступа

Қырғызстанның ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары ұсталды


Қырғызстанның ІІМ-нің тергеу қызметі осы мекеменің бұрынғы шенеунігі Курсан Асановты ұстады. Осылай деп Азаттықтың қырғыз қызметіне оның адвокаты Икрамидин Айткулов мәлімдеді.

Ол ғимаратты басып алды деп айыпталып жатыр.

"Курсан Асанов 26 қаңтарда ұсталды. Қазір Бішкек қаласы ІІББ уақытша тергеу изоляторында отыр", - деді адвокаты.

Әзірге Асановтың ұсталғаны жөнінде ресми мәлімет таратылған жоқ. Тек 26 қаңтарда оның тергеуге шақырылғаны мәлім болған.

Былтыр қазан айында Курсан Асанов Бішкектегі жаппай тәртіпсіздікке байланысты ұсталып, бірақ үйқамаққа босатылған.

Осыдан кейін ол мерзімінен бұрын президенттік сайлауға қатысып, сайлаушылардың 0,5% дауысын алған.

Былтыр қазан айында парламент сайлауынан кейінгі жаппай тәртіпсіздік кезінде Курсан Асанов ішкі істер министрі Кашкар Жунашалиев қызметін тастап кеткенін айтып, оның орнына комендант міндетін атқаратынын мәлімдеген. Кейін ІІМ заңға сәйкес министр міндетін оның орынбасары атқарады деп Асановты ғимараттан шығарып жіберген.

Курсан Асанов 2019 жылы тамыз айында бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясы кезінде "қырғыз милициясының сенімін сатты" деген айыппен қызметінен алынған. Кейін оған қылмыстық іс қозғалып, үйқамаққа алынған.

XS
SM
MD
LG