Ссылки доступа

Кремль Геленджиктегі сарайдың қожайыны кім екенін айтудан бас тартты


Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Геленджиктегі сарай кәсіпкерлерге тиесілі екенін, Кремль оны жарияламайтынын" мәлімдеді.

Президент Владимир Путин бірер күн бұрын ғана сарай не өзіне, не туыстарына, не жақындарына тиесілі емес екенін айтқан.

Путиннің баспасөз хатшысы Песков болса, сарайдың иесі кәсіпкерлер деді.

"Кремль сарай қожайындарының аты-жөндерін айтпайды. Бұл дұрыс емес", - деді журналистерге берген сұқбатында.

Навальныйдың Жемқорлықпен күрес қоры "Путин сарайы" деген атпен белгілі Геленджик түбіндегі зәулім сарай жайлы зерттеуін 19 қаңтарда жариялаған. Содан бір күн бұрын Химки соты Германиядан Ресейге оралған қор жетекшісі Алексей Навальныйды 30 тәулікке қамаған.

Зерттеу Навальный ұсталғанға дейін дайындалған. Деректі фильм жанрында түсірілген 2 сағатқа созылатын видеода фильм авторларының бірі әрі жүргізушісі ретінде Навальныйдың өзі де көрінеді.

"Путин сарайы" деген атпен белгілі резиденция 2005-2010 жылдары Қара теңіз жағалауында Геленджикке жақын маңда салынған. Сарайдың Ресей президенті Владимир Путинге арналғанын 2010 жылы кәсіпкер Сергей Колесников мәлімдеген. Ол жоба құнын 1 млрд долларға бағалаған. Содан бері сарай туралы бірқатар БАҚ жазған, Азаттықтың Орыс қызметі де мақала жариялаған.

Жемқорлықпен күрес қоры зерттеуінде сарай құрылысын қаржыландыру схемасына көңіл бөлген. Сонымен бірге сарай интерьерін де сөз еткен.

Зерттеу жарық көрген соң 23 қаңтарда бүкіл Ресей аумағында Путинді ұры деп айыптап, Навальныйға бостандық талап еткен қарсылық өтті. Кейбір ақпарат құралдары наразылыққа 250 мыңдай адам қатысқан. Құқық қорғаушылар 3711 адамды полиция ұстағанын мәлімдеді және олардың сөзінше, бұрын-соңды Ресейдегі шеру, митингілерде осынша адам ұсталмаған.

XS
SM
MD
LG