Ссылки доступа

Өзбекстанда Мирзияевтің Жизаққа сапары күні жолды жапқандарды жазалады


Өзбекстанда президент Шавкат Мирзияевтің Жизақ облысына сапарлаған 11 қаңтарда жолды жапқан бірнеше адам жазаланды. Жергілікті тұрғындар газ бен жарықтың жоқтығына наразы болған.

Жолды жапқан бес адам бес тәулікке қамалса, төрт тұрғынға ескерту жасалған.

Олар қамауда қысым көргенін мәлімдеді. Алайда Жизақ ішкі істер департаментіндегілер бұны жоққа шығарып отыр.

Жизақ облысы Пахтакор ауданына қарасты "Навбахор" махалласының тұрғындары 11 қаңтарда газ бен жарықтың жоқтығына наразы болып, Навбахор-Учтепа-Жизақ жолын жапқан.

Сол күні облыс басшылары наразы тұрғындармен кездесіп, оларға арзан көмір берген. Бұл күні мемлекет басшысы Шавкат Мирзияев Жизақ облысына сапарлап келген еді.

Сот материалдарына қарағанда, сотқа жеткізілген ер азаматтар ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамады, олардың қызметіне кедергі жасады және митинг өткізу тәртібін бұзды деп айыпталған.

Әкімшілік жазаға тартылғандардың бірінің айтуынша, сот отырысы бар болғаны жарты сағатқа созылған, айыпталушы бесеудің барлығы бес тәулікке қамалған. Қалған төрт әйелге ескерту жасалған.

–​ Жігіттерді ұрған. Олар түрмеден келген соң: "Бізге газ керек емес. Суықтан қатсақ та, енді наразылық акциясына шықпаймыз", - деп жылады, - дейді махалланың бір тұрғыны.

Өзбекстанда биыл энергетика дағдарысы күшейді. Үкімет әзірге оны еңсеру жоспарын ұсынған жоқ.

XS
SM
MD
LG