Ссылки доступа

Қырғызстанда 5-6 қазанда зардап шеккендер экс-президент Сооронбай Жээнбековті жауапқа тартуды сұрайды


4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін 5-6 қазанда болған жаппай тәртіпсіздіктен зардап шеккен 80-нен астам адам экс-президент Сооронбай Жээнбековті жауапқа тартуды сұрап бас прокуратураға үндеу жолдады.

Онда "5 қазанда бейбіт митингке шыққандарға қарсы күш қолданып, резіңке оқтар атылып, көзден жас ағызатын газ шашылды. Ондаған адам ауыр жарақат алып, 19 жастағы Үмүтбек Алтынбек уулу көз жұмды. Біздің ойымызша, бейбіт халыққа күш қолдануға бұйрық берген, елді басқарып тұрған Сооронбай Жээнбеков болды. Сооронбай Жээнбековке қарсы қылмыстық іс қозғалуын талап етеміз", - деп жазылған.

Үндеуге қол қойғандардың бірі Дастан Кубанычбек уулу үкімет басшысының міндетін атқарып жатқан Артем Новиковқа да хат жолдағанын жеткізді.

Бас прокуратура мен үкімет аппараты бұл үндеуге байланысты әзірге пікір білдірмеді.

Бішкекте 2020 жылдың 5-6 қазанында болған митинг кезінде 1 221 адам зардап шегіп, жүзге жақын адам ауруханаға түскен. 19 жастағы Үмүтбек Алтынбек уулу көз жұмды.

2017 жылдан бері президент болып келе жатқан Сооронбай Жээнбеков 16 қазанда өз еркімен отставкаға кетті.

XS
SM
MD
LG