Ссылки доступа

Тәжікстанда оппозициялық саясаткерге 15 жыл жаза сұрады


Махмурод Одинаев
Махмурод Одинаев

Мемлекеттік айыптаушы 27 қаңтарда Душанбенің Рудаки аудандық сотындағы отырыста Тәжікстанның социал-демократиялық партия төрағасының орынбасары Махмурод Одинаевты 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Саясаткердің туыстарының айтуынша, прокурор Одинаевқа "Бұзақылық" бабы бойынша алты жыл, "Экстремистік ұйымдардың ісіне араласуы" бабы бойынша тоғыз жыл сұраған.

Осыған дейін алғашқы сот отырысында қамаудағы оппозиционер өзіне тағылған айыптардың бәрін мойындамағаны хабарланған.

Былтыр 5 желтоқсанда Тәжікстанның бас прокуратурасы қараша айынан бері іздеуде жүрген Махмурод Одинаевтың ұсталғанын мәлімдеген. Бақылау органның мәліметіне қарағанда, ол 29 қазанда Гиссар қалалық әскери комиссариатына барып, ұлының негізсіз әскерге шақырылғанын айтып, қоғамдық тәртіпті бұзып, билік өкілдерін қорқытқан. Осыған байланысты оған "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Қаңтардың ортасында прокуратура Одинаевқа "Экстремистік ұйымдардың ісіне араласуы" бабы бойынша жаңа айып тағылғанын хабарлаған.

Одинаев былтыр қараша айының ортасында Facebook парақшасы арқылы Душанбе мэрі Рустам Эмомалиге қайрылып, қаланың орталығында наразылық акциясын өткізуге рұқсат сұраған.

XS
SM
MD
LG