Ссылки доступа

Ливанда наразылық акциясы кезінде 200-ден астам адам жараланды


Ливанның Триполи қаласында коронавирус пандемиясына байланысты шектеулерге қарсы шыққан наразылық акциясы кезінде 200-ден астам адам зардап шекті.

Билік көшеге шыққан халықты қуу үшін армия күшімен көзден жас ағызатын газ бен желім оқтар қолданған. ІІМ мәліметі бойынша, демонстранттар "Молотов коктейлін" лақтырған.

Ливандағы кедей қалалардың бірі саналатын Триполиде наразылық акциялары апта басынан бері жалғасып келеді. Демонстранттар биліктен өмір сүру жағдайын жақсартып, COVID-19 вирусына байланысты енгізілген коменданттық сағатты алып тастауды талап етіп жатыр. Бұл өлкеде банк жүйесі тоқтап тұр, халықтың күн көруі бәсеңдеп, қылмыс көбейіп кеткен.

Наразылық акциялары Ливанның өзге қалаларында да жалғасып жатыр.


Ел билігі вирус қайта өршіп кеткеннен кейін былтыр желтоқсан айынан бастап төтенше жағдай енгізген. Ливанда 7 миллион халық бар. Мұнымен қоса Сирия және Палестина автономиялық республикасынан келген екі млн-ға жуық босқын тұрып жатыр.

Пандемия басталғалы бері бұл елде 290 мыңнан астам адамнан вирус анықталған. Екі жарым мыңнан астам адам қайтыс болды.

XS
SM
MD
LG