Ссылки доступа

ДДСҰ сарапшылары Уханьдағы теңіз жәндіктері сатылған базарға барды


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) сарапшылар тобы коронавирустың пайда болуының себебін зерттеу мақсатында Қытайдың Ухань қаласындағы теңіз жәндіктерін сатқан базарға барды. 2019 жылдың желтоқсан айында сол базардан алғаш рет COVID-19 вирусы анықталған.

Мәліметке қарағанда, сарапшылар былтыр жабылғаннан кейін қайта ашылмаған базарға барып бір сағаттай аралаған. Осыдан кейін олар басқа базарларға және ауруханаларға да барған.

ДДСҰ өкілдері жергілікті тұрғындармен еркін сөйлесе алмай жатқанын айтқан. Олардың сөзінше, Қытай билігі шектеулерді қауіпсіздік шараларымен түсіндірген.

Пандемия басталғанда АҚШ Қытайды індеттің жайылу масштабын жасырғаны үшін айыптаған. Бейжің бұл айыптауларды теріске шығарды.

Коронавирус 2019 жылдың аяғында Ухань қаласында пайда болған. Содан бері індет әлемде 100 миллионнан астам адамнан анықталып, 2 миллион 200 мыңнан аса адамның өмірін алды.

Қазір оның мутацияланған түрлері жайылып жатыр. Зерттеушілер ең қауіптісі Оңтүстік африкалық штамм екенін айтады.

XS
SM
MD
LG