Ссылки доступа

Өзбекстанда коронавирустың британиялық штамы анықталды


Өзбекстанда коронавирустың британиялық штамын жұқтырған науқас тіркелді. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрлігіне сілтей отырып Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, жаңа штамм 10 жасар қыздан анықталған. Ол 23 қаңтар күні туыстарымен бірге Дубайдан оралған.

"Әуежайда жасалған экспресс-тест оң нәтиже көрсетіп, ол [қыз] инфекциялық ауруханаға жіберілді. Сол күні функционалды-клиникалық тексеру жүргізіліп, симптомсыз өтіп жатқан Covid ауруы диагнозы қойылды" делінген министрлік хабарламасында.

Хабарламада науқастың туыстарынан коронавирус анықталмағаны, олардың үй карантинінде жатқаны айтылған.

Министрлік науқастың жағдайы қанағаттанарлық, ешқандай шағымы жоқ деді.

Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-гигиеналық ережелерді орындауға, қоғамдық орындарда маска тағып, қашықтық ұстануға шақырды.

"Қажеттілік болмаса, шетелге шықпауға шақырамыз" делінген хабарламада.

Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, Өзбекстанда барлығы 78,7 мың Covid науқасы тіркелген. Оның ішінде 621 науқас қайтыс болған.

Орталық Азияның өзге елдеріндегідей Өзбекстан ресми дерегіне күмән келтіретіндер де бар.

XS
SM
MD
LG