Ссылки доступа

Қазақстан Pfizer вакцинасын алу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр


Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі АҚШ пен Германия компаниялары бірігіп әзірлеген коронавирусқа қарсы Pfizer/BioTech вакцинасын алу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр.

Бұл туралы дүйсенбі күні денсаулық сақтау вице-министрі - бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов сөзіне сүйенген жергілікті БАҚ хабарлады. Қиясов 1 ақпанда ауруханалардың бірінде коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасын салдыртқан.

"Жылдың екінші жартысында Pfizer де Қазақстанға келіп қалар. Алдын ала келісім бар. Pfizer компаниясымен меморандумға қол қойылған. Мәселенің жай жапсарын талқылап жатырмыз" деді Қиясов.

Қазақстанда 1 ақпанда медицина қызметкерлеріне ресейлік коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасы салына бастады. Алғашқы кезеңде инфекциялық ауруханалар, жедел жәрдемде жұмыс істейтін медқызметкерлер, санэпидқызметкерлерге дәрі егіледі.

Наурызда мектеп мұғалімдері мен университет оқытушыларына, ведомстволық медицина мекемелері өкілдеріне; сәуірден бастап мектеп-интернат, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері, студенттер мен созылмалы ауруы бар азаматтарға вакцина салынбақ.

Министрліктің айтуынша, жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салу жоспарланған. Соның ішінде жылдың бірінші жартысында 2 миллион кісіге екпе салынбақ. Айларға бөлгенде: ақпанда – 100 мың, наурызда – 150 мың, сәуірде – 600 мың адамды қамту жоспарланған.

Шетел зерттеушілері екпенің клиникалық сынағының нәтижелері ашық жарияланбағандықтан, ресейлік "Спутник V" вакцинасының қорытындысына күдікпен қарайды. Вакцинаны былтыр тамыздың аяғында ресми түрде тіркеген Ресей басшылығы препарат қауіпсіз әрі тиімді деп отыр.

Қазақстан үкіметі сәуірден бастап қазақстандық QazCovid-In вакцинасы егілетінін де мәлімдеген. QazCovid-In сынақтың үшінші кезеңінен өтіп жатыр. Үш мың еріктіге екпе салынды. Олар қазір бақылауда. Министрлік қазақстандық екпе 1-2 сынақ кезеңінде 96 пайыз тиімділік көрсеткенін мәлімдеген.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің нұсқаулығына сай, "Спутник V" және QazCovid-In екпесі 18 жасқа толмаған балаларға және 65 жастан асқан қарттарға салынбауы тиіс. Бұл топтағы адамдарға екпе қалай әсер ететіні толық зерттелмеген.

Қазақстан Ресейдің "Спутник V" вакцинасын сатып алуға 16,8 миллиард теңге (40 миллион долларға жуық) жұмсамақ.

XS
SM
MD
LG