Ссылки доступа

Ресейлік "Спутник V" вакцинасын салдырған кезде асқыну болса, өтемақы төлеу қарастырылмаған


Коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасын салдырғаннан кейін қандай да бір асқыну болса, өтемақы төлеу қарастырылмаған.

Осылай деп 1 ақпанда брифинг кезінде Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тимур Мұратов мәлімдеді.

Егер асқыну болған жағдайда құрамында терапевтер, инфекционистер, клиницистер, невропатологтар, иммунологтар және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің өкілдері бар арнайы топ зерттеу жүргізеді.

"Әрине, Құдай сақтасын. Егер қиындық туып жатса, онда сұрақ вакцинаны жасап шығарғандарға қойылады. Біз тек орындаушымыз. Біз вакцинаны салуда барлық қауіпсіздік шараларын қолданамыз",- деді Мұратов.

Нұр-Сұлтан бойынша 1 наурызға дейін 6 300 медициналық қызметкерге вакцина салу жоспарланған. Мұның бәрі ерікті түрде жүреді дейді.

"Спутник V" вакцинасының көрсетілімінде созылмалы ауруы бар адамдарға өте сақтықпен пайдалану қажеттігі жазылған. Атап айтқанда, аутоиммунндық аурулары және қатерлі дерттері бар адамдарға қауіпті екені көрсетілген.

Осының алдында Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі ресейлік "Спутник V" вакцинасын сатып алуға 16,8 млрд теңге (40 млн доллар) жұмсайтынын мәлімдеген.

"Спутника V" вакцинасын бүгінде ондаған ел, оның ішінде Беларусь, Сербия, Венгрия, Пакістан, Аргентина, Боливия, Иран, Тунис және Гвинея елдері сатып алған.

XS
SM
MD
LG