Ссылки доступа

Тәжікстанда әскерде сабалған жігіт қайтыс болды (видео)


Шахбол Мирзоев
Шахбол Мирзоев

Тәжікстанның шекара бөлігінде қызмет етіп жүріп, соққыға жығылған Шахбол Мирзоев 1 ақпанға қараған түні қайтыс болды. Осылай деп "Азаматтық еркіндік кеңесі" қоғамдық ұйымының жетекшісі Далрабо Самадова мәлімдеді.

Оның сөзінше, Мирзоев Хожент қаласындағы ауруханада жатқан. Өткен аптада ол пневмонияға шалдығып, облыстық ауруханаға жатқызылғаны хабарланған.

"Сәрсенбі күні Шахболдың дене қызуы көтеріліп, өзін нашар сезіне бастағанда, облыстық аурухананың физиотерапия бөліміне жеткізілген. Бес күн бұрын ол жансақтау бөлімінде жатқан", - дейді марқұмның анасы Зайтуна Мирзоева.

Ашт ауданының тұрғыны Шахбол Мирзоев 2014 жылы наурызда шекара қызметінің фельдшері тарапынан сабалған. Нәтижесінде оның мойыны, арқа сүйегі сынып, жұлыны зардап шеккен. Бұл қылмысқа кінәлі деп табылған фельдшер Усмонали Гайратов тоғыз жылға сотталып, кейін оның қамаудағы мерзімі жеті жылға дейін азайтылған.

Шахбол Мирзоевқа ресейлік дәрігерлер ота жасаған. Ол үшін ата-анасы тұрып жатқан үйін сатуға мәжбүр болған. Бірақ Мирзоев аяғынан тұра алмады.

XS
SM
MD
LG