Ссылки доступа

Тәжікстан бас прокуроры: Махмурод Одинаевты тергеу кезінде ешкім ұрмаған


Махмурод Одинаев
Махмурод Одинаев

Тәжікстанның бас прокуратурасы Социал-демократиялық партия төрағасының орынбасары Махмурод Одинаевты ұрған деген мәліметті жоққа шығарды. Одинаев сот отырысында тергеушілер оны ұрғанын айтты.

Тәжікстанның бас прокуроры Юсуф Рахмон 2 ақпандағы баспасөз конференциясында Одинаевты ешкім ұрмаған деп мәлімдеді. "Оны ұрған деген әңгімелердің бәрі жалған, арандатушылық", - деді ол.

Одинаевтың туыстарының айтуынша, қамаудағы азаптаудан Одинаевтың омыртқасы зақымданған. Одинаев Озоди радиосына тергеушілер оны ұрғанын айтты.

Юсуф Рахмон саясаткер Одинаевтың кінәлі екеніне дәлел жеткілікті деп мәлімдеді.

28 қаңтарда Рудаки аудандық соты Одинаевты 14 жылға соттады. Судья оны бұзақылық жасады, Тәжікстан конституциялық құрылымын күшпен өзгертуге үндеді деп таныды. Одинаев пен оның туыстары үкімді әділетсіз деп, жоғары инстанцияға шағымданатынын айтты.

Махмурод Одинаев былтыр желтоқсанда ұсталды. Оның үстінен қозғалған іс бойынша сот 25 қаңтарда басталды. Прокурор саясаткерге 15 жыл, ал оның ұлы Хабибулло Ризоевқа төрт жыл түрме жазасын сұраған.

Сот Хабибулло Ризоевөа 58 мың сомони (5 мың доллар) айыппұл салды.

Саясаткер әлеуметтік желілерде Тәжікстан құқық қорғау органдарының әрекетін үнемі сынап келген. Оппозициялық топтар Одинаевтың ұсталуы мен оған шығарылған үкімді "негізсіз" деп атап, істі сотталушының саяси қызметімен байланыстырды.

XS
SM
MD
LG