Ссылки доступа

Өзбекстанда билікті өткір сынап жүрген блогер қамауға алынды


Отабек Саттори, блогер из Сурхандарьинской области Узбекистана.

Өзбекстанның оңтүстігіндегі Сурхандария облысында жергілікті билікті сынап жүрген блогер қамауға алынды, туыстары "іс қолдан ұйымдастырылған" деп санайды.

Ішкі істер министрлігінің тергеу комитеті 1 ақпанда Отабек Сатторұлына "бопсалау" бабы бойынша айып таққан.

Оның әпкесі Фарангиз Алимова Азаттықтың Өзбек қызметіне жүздерін жасырған күштік құрылым өкілдерінің 29 қаңтарда блогерді үйінен ұстап әкеткенін хабарлаған. Алимова Азаттыққа бауырын ұстау сәті бейнеленген видеоны да көрсеткен.

Блогердің адвокатының айтуынша, Сатторұлы аты-жөні аталмаған адамдардан "ақша және телефон бопсалады" деп айыпталып отыр. Сатторұлының туыстарының сөзіне қарағанда, Термез соты 1 ақпанда тергеу амалдары кезінде блогерді қамауға алу туралы шешім шығарған. Олар блогерге "қолдан ұйымдастырылған іс бойынша" айып тағылғанын айтты.

40 жастағы блогер Отабек Сатторұлы облыс басшысы Тора Боболовқа өткір сын айтумен танымал болған. Оның "Халық пікірі" атты видео блогы Telegram және YouTube арналарында көрсетілген.

Соңғы жазбаларының бірінде Сатторұлы жергілікті билікті блогерлерге жалған айыптар тағып, қудалады деп мәлімдеген, бірақ қысымға қарамастан шенеуніктер арасында жемқорлық мәселесін қозғай беретінін айтқан.

2016 жылы Ислам Каримов дүние салған соң билікке келген Шавкат Мирзияев бірқатар реформалар жүргізуге уәде беріп, ашықтыққа бет түзеген. Бұған дейін саяси себеппен қамалды деп саналған ондаған адам түрмеден босап шыққан. Бірақ сарапшылар үкімет баспасөзге толық еркіндік берген емес, Каримов кезеңін еске салатын қудалаулар әлі де сақталып қалғанын айтады.

XS
SM
MD
LG