Ссылки доступа

АҚШ сенаторлары Навальныйдың улануы мен тұтқындалуына қатысты санкция енгізуді ұсынды


АҚШ-та сенаторлар тобы Конгресске "Ресейді қастық әрекеттері үшін жауапқа тарту туралы" заң жобасын ұсынды.

Құжатта оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды улауға, "Новичок" уын дайындауға қатысқан ресейлік ресми тұлғаларға санкция жариялау қарастырылған.

Жобаға сәйкес, заң қабылданған 90 күн ішінде АҚШ президенті Навальныйды улауға қатысқандар мен осы қылмысты жасырғандарға санкция жариялауы тиіс. Қара тізімге енгендер АҚШ-қа кіре алмайды, олардың активтері бұғатталады, америкалықтарға олармен іс жүргізуге тыйым салынады.

Бұған қоса, заң қабылданған соң президент 180 күн ішінде Конгресске екі баяндама ұсынуы тиіс. Оның бірі 2015 жылы Мәскеуде кісі қолынан қаза тапқан оппозиционер Борис Немцовқа қатысты болса, екіншісі Ресей президенті Владимир Путиннің "жеке байлығы" мен оның туыстарының байлығы туралы болмақ.

Құжатты қарау мерзімі әзірге хабарланбады. Жоба авторлары арасында демократ Крис Кунс, республикашыл Митт Ромни және Марко Рубио бар.

XS
SM
MD
LG