Ссылки доступа

Тәжікстанда "Babilon-Mobile" абоненттеріне шетелден түсініксіз қоңыраулар шалынды


Тәжікстанда "Babilon-Mobile" компаниясының ондаған абонентіне 4 ақпанда таңертең шетелдік белгісіз нөмірлерден қоңыраулар түскен. Компания өкілдері бұны белгісіз хакерлердің әрекеті деп түсіндірді. Абонент телефондарының нөмірлерін олар қалай білгені әзірге түсініксіз.

"Babilon-Mobile" абоненттері 4 ақпанда әлеуметтік желілерде түнгі сағат үштен таңғы онға дейін “+448”, “+336” және “+370” кодтары бар белгісіз нөмірлерден қоңыраулар түскенін хабарлады.

Мұндау қоңыраулар компания абоненттерінің барлығына дерлік шалынған, дейді Озоди радиосына "Babilon-Mobile" баспасөз қызметіндегілер. "Компанияның бұл қоңырауларға ешқандай қатысы жоқ. Бұл - спам. Абоненттер тұтқаны көтермесін, СМС-терге жауап бермесін немесе қайта хабарласпасын", - деп ескертті компаниядағылар.

Мамандардың айтуынша, мұндай қоңырауларға жауап берсе немесе қайта хабарласса, хакерлер бар болғаны үш секундтың ішінде абонент иесінің ақшасын шешіп алады. Несие картасы және байланыс нөмірлері туралы мәліметті көшіріп алуы да мүмкін.

Бұл уақытта, "Babilon-Mobile" абоненттері компанияның телефон нөмірлерін белгісіз біреулер қалай біліп қойғанын түсіне алар емес.

Тәжікстанда мобильді байланыс қызметін төрт оператор ұсынады – Babilоn, Tcell, "Мегафон Тәжікстан" және "Билайн". Елде 5,5 миллионға жуық белсенді сим-карта бар.

XS
SM
MD
LG